Түркістан қаласында «Nurorda» халықаралық мектебінің құрылысы басталады.
Түркістан қаласында «Nurorda» мектебі салынады. Аталған бастама бойынша Түркістан облысының әкімі инвесторлармен кездесіп, жобаны талқылады. Алдағы уақытта Түркістан қаласында 1000 оқушыға арналған үлкен мектеп салынбақ. Сонымен бірге 400 орындық жатақхана мен 320 орындық балабақша да бой көтермек. Облыс әкімі білім саласына инвестиция құямын деушілерге қолдау болатынын жеткізді.
«Біз қазір өңірге инвестиция тарту жұмыстарын жандандырып жатырмыз. Жаңа мектеп саламын дейтін азаматтарды қолдаймыз. Ең бастысы, жұмыс кестесі бекітіліп, құрылыс уақтылы аяқталуы тиіс. Жерді алып, тиісті жұмыс жүргізбегендерден жер қайтарылады. Біздің білімге жауапты басқарма инвестормен тығыз байланыста жұмыс істеп, білім ұясының өңірге пайдалы болуына, адами әлеуетті арттыруға ықпал етуіне күш салғаны жөн», – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға аталған жобаға қажетті құжаттар мен мәселелерді жан-жақты қарау жөнінде тапсырма берді.
Сонымен бірге инвесторға ауылдарда сапалы білім ұяларын ашу, білім саласынан өзге де инвестициялық жобаларға қаржы салуға, әріптестікті нығайту жөнінде ұсынысын жеткізді.
«Диал-Строй» ЖШС-нің басшысы, инвестор Ғабит Маматрайымов аталған жобаның жоспары мен қаражаты дайын екенін, егер бірқатар ұйымдастыру жұмыстары реттелсе, құрылысты келесі жылы бастайтынын айтты.
«Жиырма жылдан бері құрылыс саласындамын. Өзім Түркістанның тумасы болғандықтан осы қалаға мектеп ашуды перзенттік парызым деп есептеймін. 10 гектар аумақта үлкен мектеп, жатақхана және балабақша салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге мектеп жанынан шағын саябақ даярланып, көгалдандыру жұмыстары да жүргізіледі. Мақсатымыз – өңір жастарының білім деңгейін көтеру, осы салаға көмектесу», – деді инвестор.
«Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте осы қорға қарасты лицейлер мен «Nurorda» жеке меншік мектептерінің артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы баяндады.
Бүгінде «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры құрамында 30 мектеп-лицейлері бар. 1700-ге жуық мұғалім білім береді. Өткен оқу жылында 1969 түлектің 1185-і гранттарға ие болған.