Түркістан облысында көгалдандыру бойынша 2022-2024 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген.
Түркістан облысының қала, аудандарын көгалдандыру бойынша облыс әкімдігімен 2022-2024 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, аудан, қала әкімдіктеріне басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінен 2022 жылдың күз айлары мен 2023 жылдың көктем айларында 345,0 мың түп әртүрлі көшет егу жоспарланып отыр. Биылдың күз айында 203,4 мың түбі егілді. Ауа райының қолайлы мерзімін пайдаланып, аудан, қала әкімдіктері көшет егу жұмыстарын жүргізуде.
Биыл облыстың орман қоры жерлеріне 16 200 га аумаққа мәдени орман екпелерін егу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 13,0 мың гектары, яғни 80 пайызы егілді. Жоспар жыл соңына дейін толығымен орындалады деп күтілуде.
«Түркістан қаласы мен облыстың экологиялық жағдайы тұрақталып, жақсару үстінде. Табиғатымызды көркейту, жасыл желектерімізді көбейту бағытында облыс және қала тұрғындарын табиғатқа жанашырлықпен қарауға, әрбір азаматты қалыпты өмір сүруі үшін қоршаған ортамызды аялап, облысымыздың көркеюіне өз үлесін қосуға шақырамыз», – деді Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд. көшет егу, ал, елді мекендерде 15 млн. әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасын орындау барысында жұмыс жүріп жатыр. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс әкімдігі бірлесіп, облыс бойынша 5 жылда 132 мың гектар жерге 217,4 миллионнан аса ағаш көшеттерін отырғызуды көздеп отыр. Бүгінде осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.