Шымкент халықаралық әуежайындағы жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жеке инвестициялар есебінен жалғасуда.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов брифинг барысында айтты.
Бүгінгі таңда терминалдың шатыры толық жабылып, қасбеттік жүйелерін монтаждау 98%-ға, желдеткіш жүйелерін орнату 95%-ға атқарылған. Сонымен қатар, багаждық жүйенің құрылғыларын, лифтілер мен эскалаторларды орнату және инженерлік желілерін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі кезеңде 12 лифтінің 9 данасы, 12 эскалатордың 10 данасы орнатылып, жалпы жоба 85%-ға орындалған.
Қала әкімдігі тарапынан инвесторды қолдау мақсатында әуежай алдындағы автотұрақты абаттандыру, жаңа терминалға апаратын кірме жол салу және жолаушылар терминалына инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілді.