Өзбекстандық инвестор Түркістан облысынан мақта кластері бойынша зауыт ашуға ниетті.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өзбекстандық «Gurlan Global Teks» компаниясының президенті Элдор Османовпен кездесті. Кездесуде өзбекстандық компания Түркістанда мақта кластері бойынша зауыт салуға ниетті екенін айтып, Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен танысты.
Мақта шаруашылығы – Қазақстанның экономикасында ерекше орын алады. Түркістан облысының тұрғындарының біразы осы салада жұмыс істейді. Облыс әкімінің орынбасары мақта өсіру Мақтарал ауданында жоғары деңгейде жақсы дамығанын тілге тиек етті. Сонымен қатар мақта кластері бойынша жүзеге асырылатын жобалар туралы алдағы жоспарларымен бөлісті.
Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары өзбекстандық «Gurlan Global Teks» компаниясымен мақта кластері бойынша екіжақты іскерлік қарым-қатынасты орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
Айта кетейік, жақында Инвестиция және экспорт басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Абдразақова бастаған делегация Өзбекстанға арнайы іссапармен барып, мақта кластері бойынша бірқатар компаниялармен келіссөздер жүргізген болатын.