Шымкент қаласында биыл Жаңа жыл жалпыхалықтық мереке ретінде тойланады.
Демалыс орындары мерекелік атрибуттармен безендіріліп, қалалық кәсіпкерлер де іс-шараларға өз үлестерін қосып жатыр. Дайындық жұмыстары белсенді түрде жүргізілді.
Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаевтың айтуынша, мерекеге орай Арбат, Қиял әлемі технопаркі, тағы басқа сауда орындары алдында 200-ден астам ірілі-ұсақты шырша тігіліп, кіші сәулет нысандары орнатылды.
— Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл жаңа жыл мерекесін кең көлемде, жаппай тойлау жоспарланып отыр. 31 желтоқсан күні Әл-Фараби алаңында мерекелік Гала-концерт өтеді. Еліміздің танымал өнер жұлдыздары қатысатын концерт кешкі 18:00-де басталып, 00.30-ға дейін жалғасады. Ал таңертеңнен бастап, Арбат, Қиял әлемі саябағы аумағында жалпықалалық серуендеу, сауда-саттық, тамақтандыру орындары ұйымдастырылады. Тұрғындарды осындай бағдарламаларды тамашалауға шақырамыз. Мерекелік іс-шаралар 1-2 қаңтар күндері де жалғасын табады, — деді аудан әкімі.
Қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дүйсебеков жаңа жыл мерекесіне кәсіпкерлер, кондитерлік мекемелер белсене атсалысып жатқанын атап өтті.
Айта кетсек, қаладағы барлық ауданның орталық аумағында шыршалар орнатылды.