Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан орталығында Төле би бабаның еңселі ескертшісі ашылды.
Тәуелсіздік күні мерекесі мен Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан орталығы Ленгір қаласында 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған үйден пәтер кезегінде тұрған 60 отбасыға баспана кілттері табысталды. Баспаналар әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылар мен ата — анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілді. Наурыз айында Төлеби ауданында баспана кезегінде тұрған 120 отбасы үйлі болды. Жаңа қоныс иелерін құттықтауға арнайы келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды төлебиліктердің қуанышымен бөлісті.
«Тәуелсіздік алған 31 жыл ішінде мемлекетімізде ауқымды жұмыстар атқарылды. Азаттықтың арқасында ауылдарды дамытуға мүмкіндік туды. Осы уақыт ішінде бір ғана Төлеби ауданында мемлекет есебінен 30-ға жуық көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1 500 отбасы қоныс тойын тойлады. Бүгін біз 60 отбасыға пәтер кілтін табыс етпекшіміз. Осының бәрі – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған салиқалы саясаттың жемісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тұрғындарды баспанамен қамтуды басты назарда ұстайды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді», – деді Дархан Сатыбалды.
Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан орталығында Төле би бабаның еңселі ескертшісі ашылды. «Төлеби баба» саябағында орналасқан биіктігі 23 метр болатын мыс ескерткіш демеуші Әсет Қайыпбековтың есебінен жасалды. Мүсін салмағы — 25 тонна. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырылған «Тұғыры биік Төлеби» атты мерекелік жиынға қатысып, ізгі тілегін жеткізді.
Мерейтойда «ETNO – АYYL» алаңындағы ұлттық спорт ойындарынан сайыс өтті. Киіз үйлер тігіліп, халық әндері шырқалды. Ел ағалары елді бірлікке шақыратын ойларын айтып, кеңес құрды. Жергілікті кәсіпкерлердің тауар көрмесі ұйымдастырылды.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берді. Облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылда тұратынын ескере отырып, бұл тапсырма Түркістан өңірін дамытуға ықпал етеді деп сенемін. Бұл ретте Төлеби ауданын дамыту ерекше назарда тұр. Төлебидің әсем табиғаты ақындардың өлеңіне, суретшілердің шабытына арқау болды. Төлебиден өте талантты азаматтар шықты. Қоғам қайраткерлері, өнер және мәдениет, спорт жұлдыздары да осы өлкеден түлеп ұшты. Әсіресе, әлемге танымал суретшілер өте көп. Бұл – қасиетті өлкенің ерекшелігі. Төлебиліктер бүгінде бірліктің қайнар көзі болып отыр. Елді басқарған Төлебидей дана бабамыздың есімімен аталған ауданның болашағы жарқын. Ауданда туризмді, ауыл шаруашылығын және кәсіпкерлікті дамытуға толық мүмкіндіктер бар. Біз осы бағытта жұмысты күшейтеміз», – деді облыс әкімі.
Мерекелік жиында Төле би ауданының тарихы дәріптеліп тарихи тұлға туралы деректер айтылды. Ақсу, Сайрамсу, Бадам өзендері ағып өтетін Төлеби – тарихи мұраларымызға өте бай өлке. Түркістан облысындағы ең биік нүкте – Сайрам шыңы осы ауданда орналасқан. Өлкеде 100-ден астам археологиялық, архитектуралық және тарихи ескерткіштердің орны белгіленген. Ауданнан табылған мәдени ошақтар ашық аспан астындағы мұражайға айналып отыр.