3 желтоқсанда премьер-министрдің орынбасары — сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Ведомство мәліметінше, кеңеске қатысушылар 2022 жылғы желтоқсанда және 2023 жылғы көктемде бағаның күрт өсуіне жол бермеу аясында қабылданып жатқан жедел және жүйелі шаралар спектрін қарастырған. Жедел шараларда делдалдарды анықтау және баға тізбегін талдау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысына үлкен роль берілетіні белгілі болды. Бұл комиссиялардың жұмысы әлі де нәтиже бермеген.
«Негізгі азық-түлік өнімдерін сатудың делдалдық схемаларын тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы жүйесіз, қарашада барлығы 25 отырыс өткізілді. Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында және Астанада өткен айда бірде-бір отырыс өтпеді. Тиісінше, олардың жұмысы нәтижелі емес. Өткен аптада Алматы облысында ӘМАТ санатындағы 6 өнім бойынша (күріш, сүзбе, тұз, тауық еті, майлылығы 2,5 пайыз айран, 1-санаттағы жұмыртқа) баға 0,7 пайызға, Астанада 0,5 пайызға (1-сорттағы ұн, 1-сұрыпты ұннан жасалған нан, сәбіз, пияз, қант) өсті. Сауда комитеті Орал құс фабрикасынан жұмыртқа сатып алып, оны сауда үстемесінен асырып сату деректерін анықтады. Мұндай деректер басқа аймақтарда да анықталып отыр», — Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай тұрақтандыру қорлары жұмысында қолдануға болатын үш кезеңнен тұратын жаңа тәсілдерді ұсынды. Статистикаға сәйкес, биылғы азық-түлік инфляциясына қант (2022 жылдың 11 айында 71,9 пайыз) және жеміс-көкөніс өнімдерінің (2022 жылдың мамыр-шілде айлары) бағасының күрт өсуі әсер еткен. Жаңа тәсілдер, соның ішінде маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының күрт өсуін болдырмауға және келесі маусымға дайындық кезінде негізгі азық-түлік өндірушілеріне қолжетімді қаржыландыруды бөлуге бағытталған.
Бірінші кезең — жеміс-көкөніс өнімдерін сатып алу (биылғы 25 қарашадан бастап), 2023 жылғы күзгі егінді қаржыландыру (2023 жылғы 1 ақпанға дейін), ал кейіннен жыл сайын осы қаржы жылының 1 қыркүйегіне дейін — келесі жылғы күзгі егінді қаржыландыру.
Екінші кезең — қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майын өңдеушілер арқылы шикізатты форвардтық сатып алу (2023 жылғы 1 наурыздан бастап), қант өндірушілерге айналым қаражатын бөлу (биылғы қазаннан бастап қолданыста).
Үшінші кезең — ұн, сиыр еті, құс еті, макарон, нан, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа (2023 жылдың 1 маусымынан бастап механизмдер пысықталып жатыр). Барлық үш кезеңде өндірушілер тарапынан қарсы міндеттемелер өндірілетін өнімге бағаны белгілейді.
«Демалыс күнгі жәрмеңкелерді қайта жандандырып, адамдарға үстеме және делдалдарсыз қажет тауарларды сатып алу үшін жағдай жасау қажет. Өңірлерге делдалдық схемалар мен баға белгілеу тізбектерін зерттеу үшін аптасына кемінде үш рет өңірлік комиссия отырыстарын өткізуді тапсырған едім. Нәтижесінде қазір Сауда комитеті олардың қызметін тексеріп отыр. Барлық заңбұзушылық бірден байқалады, көтерме және бөлшек сауда бағаларын салыстыру жеткілікті. Өңірлік комиссиялар өздерінің негізгі функцияларын орындамайды, дәл осы кезде жедел және уақытылы жұмыс істеу қажет. Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі тұрақтандыру қорларының жұмысын қайта форматтау жөніндегі жұмысты жалғастыруы қажет», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин. primeminister.kz