Вице-министр Түркістан тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков Түркістан облысына іссапармен келді. Алдымен халыққа қызмет көрсету орталығына барған вице-министр азаматтардың электрондық өтініштерін қабылдау және органдарға жіберу алгоритмімен танысты. Тұрғындар қажетті құжатын бір жерден алуы тиіс екендігін атап өтті. Іссапар барысында Мәлік Серікұлы халыққа қызмет көрсету орталығында жеке қабылдау өткізді.
Сауран ауданына қарасты Шорнақ елді мекенінде әлі күнге интернеттің жоқтығы, қаладағы кейбір шағынаудандарда ғаламтордың нашарлығы оқушыларға да, оқытушыларға да қатты әсер етіп жатқанын айтып келген тұрғындарға алдағы уақытта арнайы топ құратынын, байланыстың күш-қуатын анықтап, соның нәтижесі бойынша жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Сонымен бірге бірқатар мәселелерге байланысты жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Халықпен кездесу барысында Мәлік Серікұлы цифрландыру жөніндегі барлық шешімдер бірінші кезекте азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын айтты. Мәселен, бүгінгі күні мемлекеттік қызметтің басым бөлігін EGov порталы МGov мобильді қосымшасы арқылы алуға болады. Бұл ретте Қазақстан азаматтарына қазірдің өзінде жеке куәлік, туу туралы куәлік және басқалары бар, жалпы саны 18 негізгі құжат цифрлық форматта қолжетімді. Мемлекеттік қызметтердің қолайлы болуы үшін кейбір екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы да ақпарат алуға болады.
Түркістан облысына жұмыс сапары барысында вице-министр “Фараб” әмбебап-ғылыми кітапханасында өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге еліміздегі ірі байланыс операторларының өкілдері мен цифрландыру саласының бірқатар мамандары қатысты. Кездесуде вице-министр мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және электрондық форматқа ауыстыру 94 пайызға жеткендігін айтып, 38 мемлекеттік қызмет түрін ХҚКО-на бармай-ақ, бейне-қызмет арқылы алу мүмкіндігін атап өтті.
Бүгінгі таңда облыс аумағының 98,7% интернет желісіне қосылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік 2025 жылға дейін 100 мың IT-маманды даярлау жұмысын бастады. Осы мақсатта биыл Семей, Астана, Қостанай, Шымкент, Қарағанды қалаларында 5 жаңа инновациялық бағдарламалау мектебі ашылды.
Кездесу соңында облыс тұрғындары сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдірді.
«Кездесуге келген азаматтардың жаңашылдыққа ұмтылысы, ескірген процестерді цифрландыруға талпынысы және аймаққа деген жанашырлығы ұнады. Дербес деректерді қорғау, өңірдегі байланыс және интернет сапасы, төлқұжаттағы чиптер туралы қойылған сұрақтар — соның айқын дәлелі», — деді Мәлік Серікұлы.