Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мемлекеттік қызметкерлердің журналистерге жауап беру мерзімі қысқаратынын мәлімдеді.
«Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңға да түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Енді журналистің сауалына жауап беру мерзімі қысқарады. Қазір 7 күн болса, енді ол 3-5 күн болып қысқарады», — деді министр.
Министрдің айтуынша, бұл ақпарат жағынан ашық болуды арттырумен қатар, жауапкершілікті де күшейтеді.
«Сонымен бірге ақпараттық қауіпсіздік доктринасы іске асады. Доктринаның негізгі міндеті – отандық медиа кеңістіктің бәсекеге қабілетін арттыру және елдің ақпараттық дербестігін қамтамасыз ету», — деді Дархан Қыдырәлі.
Айта кетері, Астанада мемлекеттік органдар баспасөз хатшыларына арналған семинар өтіп жатыр.