«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында қордың инвестициялық табысынан жиналған ақша шотта бала 18 жасқа толғаннан кейін 5-10 жыл ғана сақталады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді.
Ол 18 жасқа толған балалардың шотындағы ақшаны доллармен төлеу ұсынылып отырғанын айтты.
«Бала он сегіз жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 5-10 жыл сақталады. Осы аралықта ақша қажет болмаса, оны зейнетақы шотына аудару ұсынылып отыр», — деді Темірбеков сенатта өткен отырыста.
Бұнымен қоса, ол егер 18 жасқа дейінгі бала шетелге көшіп, Қазақстан азаматтығын өзгертсе, ол Ұлттық қордың ақшасын ала алмайтынын жеткізді. Оның қаржысы басқа балалар арасында бөлінеді.
Ал егер азаматтығын өзгертпей, шетелге кетсе, төлем алу құқығы сақталады.
Сондай-ақ, азаматтық заңнамаға сәйкес, жиналған қаражатты мұраға беру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Ал бала іс-әрекетке қабілетсіз болса, ата-аналарға, қамқоршыларға заңнамаға сәйкес қаржыны пайдалану құқығы беріледі.
Еске салайық, қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы жыл сайын балалардың шотына аудару туралы бастама көтерген еді. Жиналған ақша үй сатып алуға немесе білім алуына жұмсалады.