Қазақстанда қалалар мен көшелердің 3 мың идеологиялық ескірген атауын өзгерту жоспарланған. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов депутаттық сауалға жауабында айтты.
Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, былтырдан бері идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы іске асырылып жатыр. Жол картасының аясында 2021 жылы 68 елді мекен мен олардың 572 құрамдас бөлігінің атаулары өзгертілген.
«Жалпы, жол картасының шеңберінде 3 мыңға жуық ескірген атауларды алмастыру жоспарланған. Атауды беру кезінде міндетті түрде жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріледі және ұсынылып отырған атаудың тарихы зерттеледі», — делінген жауапта.
2021 жылғы қыркүйекте Республикалық ономастика комиссиясы мемлекет пен қоғамның дамуына зор үлес қосқан қайраткерлер қатарынан «Тарихи тұлғалар» тізімін қалыптастырған. Атауларды өзгерту кезінде ономастика комиссиялары «Тарихи тұлғалар» тізіміне енген есімдерді пайдаланады.