Шымкент қаласында жыл басынан бері жеке куәлік пен төлқұжаттарды рәсімдеуге өтініш білдіргендер саны артқан.
Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қалалық филиалының өкілдері мәлімдеді. Сондай-ақ, олар құжаттарды алу үшін мемлекеттік баж салығы өзгергенін еске салды.
Төлқұжат пен жеке куәлікті алу қызметі әлі онлайн режимінде қолжетімді болмай тұр. Бұл құжаттарды рәсімдеу үшін міндетті түрде ХҚКО-ға жүгіну қажет. Десе де, қызмет эксаумақтылық қағидаты бойынша көрсетіледі – өзіңіздің тіркелген мекенжайыңызға қарамастан кез келген ХҚО-ға бара аласыз.
«Мысалы, сіздің төлқұжатыңыздың мерзімі аяқталса, оны мерзімі аяқталғанға дейін 1-2 ай бұрын ауыстыра аласыз. Төлқұжаттың мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа төлқұжат алу үшін өтініш білдірсеңіз, кешіктіргеніңіз үшін айыппұл қарастырылмайды. Сонымен қатар, егер мерзімі аяқталған жеке куәлік бір ай ішінде жаңартылмаса, айыппұл төлеу керек болады», — деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.
Төлқұжат үшін мемлекеттік баж – 8 АЕК (2023 жылдың 1 қаңтарында белгіленген АЕК) немесе 27 600 теңге. Бұл ретте жеке куәлік үшін мемлекеттік баж 0,2 АЕК немесе 690 теңге болады.
Қызмет көрсетудің стандартты мерзімі – 15 жұмыс күні. Алайда, қосымша төлем жасау арқылы бұл процесті жеделдетуге болады, үш күннен бір жұмыс күніне дейін қысқартылады.
Айта кетейік, 2022 жылы шымкенттіктер 50 мың жеке куәлік пен төлқұжат рәсімдеген.