Шымкент қаласында 2022 жылы ауыл шаруашылығы саласында 46 млрд теңгенің өнімі өндірілген.
Бұл туралы қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Аубунасыр Жанбатыров брифинг барысында мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнімдерінің негізгі капиталына 15,3 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 3,7 млрд теңгеге артық орындалып отыр. Ал, саладағы экспорттың көлемі 148,3 млн долларды құраған.
– Қала аумағында 30 мың гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 13 мың гектары дәнді дақыл, майлы дақыл – 3,6 мың, мал азықтық- 9,6 мың, көкөніс пен бақша- 3,4 мың және 0,4 мың гектар жерге картоп дақылы егілді. Осы егіс алқабынан 94,3 мың тонна өнім жиналып, 20,1 мың тоннасы дәнді дақыл, 3,2 мың тонна майлы дақыл, 48,2 мың тоннасы көкөніс, бақша, 4,4 мың тонна картоп дақылдары мен 18,3 мың тоннасы мал азықтық дақылдар жиналды, — деді басқарма басшысы.
Мал шаруашылығы саласында да өсім бар. 2022 жылы 8,9 мың тонна ет, 51,4 мың тонна сүт және 142,0 млн дана жұмыртқа өндіріліпті. Салада экспорт көлемін арттырып, импортқа тәуекелділікті төмендету мақсатында жалпы құны 15,0 млрд. теңгеге 14 жоба іске асырылып, 298 жұмыс орны құрылған.
– Осы мақсатта 4 құс фермасы, 3 сүт фермасы, 1 балық шаруашылығы, 1 мал бордақылау орны, 2 сүтті қайта өңдейтін кәсіпорын мен 1 мал азығын дайындайтын кәсіпорын және 2 жылыжай кешені салынып, пайдалануға берілді, — А.Жанбатыров.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін келісімшарт негізінде 40-қа жуық сауда желілері мен әлеуметтік дүкендерде тауарлар бекітілген бағада саудалануда.
Айта кетейік, жергілікті шаруа қожалықтардың қатысуымен апта сайын қаланың 4 жерінде азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып, тауарлар нарықтан 10-15 пайызға төмен бағада сатылады.