Шымкент қаласында орта және шағын кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді.
Бұл туралы бүгін қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков былтырғы атқарылған жұмыстар мен биылғы жоспарлар бойынша әкімге есеп беруі кезінде баяндады.
Береке Дүйсебековтің сөзінше, қалада белсенді кәсіпкерлік субъектілер саны 110 мыңнан асқан.Мегаполистің өндірістік потенциалы негізінен 5 өндірістік алаңда шоғырланған. Онда бүгінде 346 млрд. теңгеге 335 инвестициялық жоба іске асырылып, 14 мыңнан аса жұмыс орындары ашылуда. Қазір аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асқан.
Салада атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан қала басшысы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру үшін нақты ұсыныстарды дайындауды тапсырды. Сонымен қатар, бүгінде кәсіпкерлерді қолдауда туындап отырған мәселелерді шешудің кешенді жол картасын әзірлеуді ұсынды.
«Шымкент кәсіпкерлікті дамытуда әлеуеті жоғары қала болып табылады. Сондықтан, бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білуіміз керек. Ол үшін ең алдымен, мемлекеттік бағдарламаларды сапалы, жүйелі орындау маңызды. Апта сайын әрбір бағдарламаның орындалуы бойынша нақты нәтижелерді көрсету қажет», — деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Шымкентте жыл соңына дейін негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 722 млрд. теңгені құрайды. Өткен жылдармен салыстырғанда көрсеткіш 3 есе артады деп көзделуде.