Түркістанның мектеп оқушылары Сығанақ қаласын зерттеп, шаһардың 3D моделін жасады.
Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ғылым саласында үлкен жеңіске қол жеткізді. 8-сынып оқушысы О.Тұрсынқұлова тарихы тереңде жатқан Сығанақ қаласының 3D моделін жасады. 9 сынып оқушысы Н.Жарылқаптың «Ортағасырлық Сығанақ қаласының Ұлы Жібек жолындағы маңызы» атты ғылыми жобасы да жоғары бағаланды. Қос оқушы авторлық куәлікке ие болды. Жас ізденімпаздар ғылыми зерттеудегі басты мақсат Сығанақ қаласының тарихи маңызын жастар мен келешек ұрпаққа айшықтап жеткізу екенін айтады.
«Қазіргі таңда ұмытылып бара жатқан көптеген қалалар бар. Соларды жаңғырту мақсатында Сығанақ қаласын таңдадық. Дешті Қыпшақ елінің бірден-бір порты болған тарихи маңызы бар қала туралы ғылыми деректер тым аз. Ежелгі Сығанақ қаласының тарихи маңызын түсіндіруде зерттеу ауқымын кеңейтіп, тек жазбаша деректермен ғана емес, 3D моделін жасап, виртуалды нұсқасын ұсындық. Біздің басты мақсатымыз – жастарға өнеге етіп көрсету», – дейді жоба жетекшілерінің бірі Нұргүл Жарылқап.
Ғылыми туындыны толық зерттеуге 1 жылдан аса уақыт кетсе, қаланың макетін жасауға 1 ай уақыт жұмсалған.
«Жалпы қаланың макетін жасауға 1 ай уақыт жұмсалды. Модельді құрастыруда қаланың қаңқасы мен қорғандарын жасауға 2 апта уақыт кетті. Оған себеп әрбір бөлшегін ғылыми зерттеуде берілген деректерге сүйене отырып жасап шықтық», – дейді жоба авторы Одина Тұрсынқұлова.
Жоба жетекшілері мен авторлары ғылыми туындыны толық зерттеу бұнымен тоқтамай, алдағы уақытта жобаны жандандыратындарын жеткізді. Сонымен қатар түркістандық өрендер республикалық деңгейде өткізілетін ғылыми конференцияларға қатысуды жоспарлап отыр.