Қазығұрт ауданында инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде.
Қазығұрт ауданында инфрақұрылым мәселелері оң шешіліп келеді. Мәселен, 2022 жылы 12 елді мекенге электр желілерімен қамту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал 1 елді мекендегі нысан құрылысы 2023 жылға өтпелі.
Жол саласы бойынша былтыр ауданда 102,9 шақырымды құрайтын 27 аудандық маңызы бар және ішкі жолдар орташа жөндеуден өтті. Қазіргі таңда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жігерген елді мекенінен 12,3 шақырымды құрайтын 5 көшеге, Қаржан елді мекенінде 7,9 шақырымды алып жатқан 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде.
Еске салсақ, облыстық бюджеттен 2021-2022 жылдары Өндіріс елді мекеніндегі Тастақсай өзені арқылы өтетін көпірдің күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, пайдалануға берілген болатын. Осы бағыттағы жұмыстар Жаңабазар ауылы округіндегі Ұя өзенінде жалғасып, бүгінде автожол көпірі күрделі жөндеуден өтуде. Нысан 2023 жылға өтпелі.
Сондай-ақ КХКZ-33 «Ескі Шанақ – Ызабұлақ» 6,0 шақырым, КХКZ-18 «Шанақ – Бақабұлақ-ст» 3,9 шақырым, КХКZ-31 «Ақжар-Ескі Шанақ — ст. Шанақ» 0-13,5 шақырым, КХКZ-31 «Ақжар-Ескі Шанақ- ст. Шанақ» 13,5-22,0 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеуден өткізу 2023 жылға өтпелі болып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
2021-2022 жылдары «Алматы-Ташкент-Термез» бағытындағы тас жолынан басталып Қазығұрт және Сарапхана елді мекендеріне дейінгі аралықта 3 дана жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі салынып, қолданысқа берілді. Айта кетейік, аталған нысанды салу ауданда өзекті мәселелердің бірі болып келген болатын.