Түркістан облыстық Жастар орталығынан Түркияға 3 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді.
Түркияда зілзаладан зардап шеккен ағайынға жәрдем беру мақсатында «Turkistan» халықаралық әуежайы бастама көтеріп, қазіргі таңда түркістандықтар 10 тоннаға жуық киім-кешек, көрпе-төсек, тұрмысқа қажетті заттар жинап үлгерді.
Бүгін 1 тонна жүкті жеткізу үшін «Fly Arystan» әуе компаниясы демеушілік жасап, Ыстамбұлға ұшақ жөнелтіп отыр. Түркиялық бауырларға жәрдем беру үшін облыстың барлық аудан-қаласы атсалысып жатыр. Арнайы көлік ұйымдастырып, жиналған заттарды «Turkistan» әуежайының қоймасына алып келуде. Ертең, 11 ақпан күні де жиналған жүкті арту үшін «Turkish Airlines» әуе компаниясының ұшағы мен «Turkish Cargo» жүк ұшағы арнайы Түркиядан келеді.
Жүктерді тасып, тиеу жұмыстарына түркістандық жастардан құралған еріктілер де атсалысып жатыр. Қазіргі таңда 18 волонтерлық ұйым және 500-ден астам ерікті жас жұмылдырылды. Облыстық деңгейде негізгі 3 штаб жұмыс істеп тұр.Жалпы аудан, қалаларда 20 штаб құрылып, көмек жинауды жалғастырып отыр. Сонымен қатар, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті мұғалімдері бір күндік жалақыларын қаржылай аударуда.
Облыстық ардагер алқасы, кәсіпкерлер игі істен шет қалмай, қолдау көрсетіп жатыр. Сауапты іске бір адамдай жұмылған жомарт жүректі өңір тұрғындарынан қажетті көмектер әлі де келіп жатыр.