Ордабасы ауданы, Шұбар ауылдық округіндегі 40 мың бас ірі қара малды бордақылауға арналған кешеннің қазығы қағылды
Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар ауылдық округіндегі 40 мың бас ірі қара малды бордақылауға арналған кешеннің қазығы қағылды. Аталған шараға аудан әкімі Нұрбек Бадырақов, кооператив жетекшілері және ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген 40-қа жуық кәсіпкер қатысты. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2023-2024 жылдарға жоспарланған. Шарада жобаның мақсаты кеңінен түсіндіріліп, несиелендіру тетіктері жөнінде кеңестер берілді.
Кешеннің жалпы жер көлемі 400 гектарды құрайды. Әрбір 50-100 бас малды бордақылауға 0,12 гектар жер қарастырылған. Жобадағы мал бордақылау кешені екі кезеңмен жүзеге асырылады. Мәселен бірінші кезеңде – 11 650 мал бордақылау кешенін іске қосып, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру арқылы жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Ал, екінші кезеңде мал бордақылау кешені 28350 басқа ұлғайтылады. Нәтижесінде 800 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Жалпы, жоба аясында бір жылда 40 мың бас ірі қара бордақыланып, тірідей салмақта 17 920 тоннадан 9500 тонна таза ет өндіру жоспарлануда. Кешенде сиымдылығы 50, 100, 150, 200 басқа арналған жалпы 558 бірлік мал бордақылау алаңдары құрылады. Сондай-ақ әкімшілік кеңсе, асхана, мал дәрігерлік бекеті, мал союға арналған заманауи нысандар, мал азығын сақтау қоймалары және тағы басқа нысандар инвесторлар есебінен бой көтереді. Инфрақұрылым жүйелері бюджет есебінен жүргізіледі.