Биыл Түркістан облысында үш визит-орталықтың құрылысы аяқталады.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі биыл тағы үш визит-орталықтың құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы министрліктің әлеуметтік желідегі парақшасында шығатын «Тікелей эфир» айдарында Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиева мәлімдеді.
«2023 жылы үш визит-орталықтың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Ол «Сауран», «Гаухар-ана» және «Ордабасы» туристік оралықтары. Аталған тарихи визит-орталықтардың үшеуі де еліміздің рухани астанасы — Түркістан облысында орналасқан», — деді Жанат Сейдалиева.
«Сауран» қалашығы Түркістан қаласынан 40 шақырым жерде. Мұнда келушілер мен туристерге қызмет көрсету үшін заманға сай инфрақұрылым жасалады. Ал, «Гаухар-ана» кесенесі — Орта Азия аумағындағы әйелдер құлшылық жасауға арналған орын.
Визит-орталықта қонақтарға жайлы жағдай жасау үшін түнеуге арналған орындар қарастырылған. «Ордабасы» аумағында да визит-орталықтың құрылысы белсенді жүріп жатыр.
«Визит-орталықтар бірінші кезекте ғылыми, мәдени, ақпараттық кешендер ретінде пайдаланылады. Мұнда туристер үшін барлық қолайлы жағдай жасалады. Бұдан бөлек жергілікті жердің мәдени-туристік кластерін дамытуға, өңірдің брендке айналған тарихи-мәдени және табиғи ресурстарды пайдалана отырып, имидждік, туристік өнімдерді жасауға үлкен мүмкіндік», деді Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиева.
Бүгінгі таңда Қазақстанда үш визит-орталық толық қарқында жұмыс істеп жатыр. Ол Алматы облысындағы «Таңбалы», Ұлытау облысындағы «Ұлытау» және Түркістан облысындағы «Отырар» орталықтары.