Түркістан облысына Ұлттық экономика министрі іссапармен келді.
Бүгін ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Түркістан облысы, Шардара ауданына іссапармен келді. Министр алдымен Жаушықұм ауылында болып, ондағы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасымен салынып жатқан 150 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Сондай-ақ аудан бойынша аталған бағдарлама аясында ұсынылып атқарылатын жұмыстар талқыланды.
Одан кейін Ә.Қуантыров Жаушықұм ауылының тұрғындары мен ардагер ақсақалдармен кездесіп, ұсыныстары мен мәселелерін тыңдады.
Сонымен қатар Ұлттық экономика министрі Шардара су электр станциясына барып, нысанмен танысып, қуаттылығын арттыру мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, аудан басшысы Қ.Жолдыбай Шардара ауданынан қуаттылығы жылына 100 тонна өнім өндіретін жүгері дақылын тереңдетіп өңдейтін зауыт салу және тәулігіне 2500 тонна қызанақ өнімін терең өндейтін зауыт салу жобасын таныстырды.
«Біз еліміздің бүкіл өңірлерін аралап, нақты жасалып жатқан жұмыстарды қарап, жалпы облыс, аудан және ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмыс істеуіміз керек. Сондықтан барлық аумақты өз көзімізбен көріп шығамыз. Өңірлердегі ел әлеуетін арттыруға септігін тигізетін ұтымды жобаларды зерделей отырып, халықтың жағдайын көтеруіміз керек», — деді Ә.Қуантыров.