Түркістан облысының әкімі ауыл шаруашылығын әртатартандырудың осы салаға тұрақтылық әкеліп қана қоймай, жердің құнарлылығын да арттыратынын алға тартты.
Ауыл шаруашылығын әртараптандыру — бәсекелестіктің басты шарттарының бірі. Келес ауданының шаруаларымен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, әртатартандырудың осы салаға тұрақтылық әкеліп қана қоймай, жердің құнарлылығын да арттыратынын алға тартты. Агроқұрылымдар мен ғалымдардың басын қосып, тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен өңір әкімдеріне ауылдарды дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осыған байланысты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына жұмыс сапарымен барып, елді мекендерді дамыту жолдарын саралады.
«Облыстың табиғи-климаттық жағдайын, мүмкіндігін ескере отырып, дамыған мемлекеттерден қалып қоймас үшін бәсекеге қабілетті әлемдік талаптарға сай өнім өндіруге ұмтылған жөн. Егілетін өнім сұранысқа сай болу керек. Бұл – бизнес. Сондықтан сатуды ойлау керек. Жаппай қырыққабат не қияр егіп, өткізе алмай қалудан қыруар еңбек пен қаражат зая кетуі мүмкін. Сондықтан бұл бағытты жүйеге қойып, алдын ала жоспарлау қажет, егістікті әртараптандыру өте маңызды», – деді Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысы іссапар барысында Біртілек ауылдық округі аумағында орналасқан «Нұржан» шаруа қожалығының жылыжай жұмысымен танысты. Саланы жетік меңгерген қожалықтың егесі сапалы өнім алудың қыр-сырымен бөлісуге дайын.
8 гектар аумақта орналасқан жылыжай кешенінде 40-қа жуық азамат еңбектенуде. Көкөністің қырыққабат, қызанақ, қияр құлпынай және бұрыштың сан түрлі сорттары өсіріледі. Сонымен қатар көкөністерді тұқым күйінде егіп, шаруаларға дайын көшет күйінде саудалауда.
Дархан Сатыбалды биыл ауыл шаруашылығы саласына жеңілдетілген несиелер берілетінін, бұл бағытта Түркістан облысына 11 млрд. теңге қаралғанын атап өтті. Сондықтан ол несие нақты жоспары бар, іскер азаматтарға берілуі тиіс екенін жеткізді. Аудан, ауыл әкімдері жаңа жұмыс орындарын көбейтетін және өнім шығаратын жобаларды іріктеп, қолдау көрсетуі керектігін айтты. Бұл ретте жылыжайлар санын арттыруға да басымдық берілмек.
Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді тиімді жобаларға бағыттау барысын талқылап, аудан басшысына осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Облыс басшысы Келес ауданына жасаған сапары барысында Ақтөбе ауылдық округіндегі «Қызыләскер» қосалқы станциясының жұмысымен танысты. Қосалқы станциядан облыстағы 5 аудан электр қуатын алады деп жоспарланған. Жоба бойынша 4 дана қуатты автотрансформатор орнатылып, 72,2 шақырымға жоғары кернеулі ВЛ-220 кВ электр желісі тартылуда. Аталған жұмыстардың дені бүгінгі таңда аяқталып, жоба іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.