2023 жылдың 19 наурызында өтетін Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауға байланысты қалалық қоғамдық көліктерде Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары тегін тасымалданады деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз хатшылығы.
Естеріңізге сала кетейік Мемлекет басшысы 2023 жылғы 19 қаңтарда елімізде Жетінші сайланған Қазақстан Ренспубликасы Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдемесінде барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын Орталық сайлау комиссиясы белгілейтінін атап өткен болатын.
Бұған дейін жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі таратылғанын республикалық БАҚ-та жарияланған болатын.
Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы туралы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың заңға сәйкес өтуін, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалатынын ескертті. Бұған Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты. Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайтын болады деген болатын.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласы бойынша 2 округтегі 330 сайлау учаскесінде 663 мыңнан астам азамат дауыс беру мүмкіндігіне ие.
Ал Шымкент қаласы бойынша тұрғындар мен қонақтарға қызмет көрсететін 400 ден астам қоғамдық көлік таңғы сағат 08:00-ден кешкі сағат 21:00-ге дейін тегін қызмет көрсетпек.
Қазақстан Республикасы қаржы министрлігінің хабарлауынша, Мәжіліс пен жергілікті мәслихат сайлауын өткізуге 33,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша және бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша жаңа аралас сайлау жүйесін енгізуді ескеріп есептелген.
Айта кетейік, былтыр Қазақстанда өткен кезектен тыс Президент сайлауына 20,5 млрд теңге бөлінген еді.