Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов өнеркәсіптік парктерді аралап, кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
«SILKWAY ALLIANCE» паркінде бүгінде 6 кәсіпорын шоғырланған. Мұндағы өндіріс ошақтары тұрмыстық химия, трансформаторлық жиһаздар мен полиэфирлі шайырдан жасалған бұйымдар өндірумен айналысады.
Мұрат Дүйсенбекұлы өндіріс ошағын аралап, кәсіпкерлердің талап-тілектерін тыңдады. Түрлі бағытта іске қосылған зауыт-фарбрикаларда қазір 50-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорындар жылына 76 млн теңгенің салығын төлеуде. Бұл жалдау шығынынан 6,5 есеге артық.
Қала әкімі Қайнар май өнеркәсіптік саябағында орналасқан 5 кәсіпорынның жұмысымен де танысты. Мұндағы өндіріс ошақтары құрылыс индустриясына арналған ВР-торларды, тамақ өнімдерін, тұрмыстық химия шығарып, шойын мен болат құю өндірісімен айналысуда. Цехтарда қазір 30 адам жұмыс істейді. Бүгінде өндіріс орындары жылына 12 млн теңге салық төлеуде. Алдағы уақытта парк аумағы 2 мың шаршы метрге ұлғайып, мұнда жаңа жобалар іске қосылады.
Қазіргі таңда кәсіпорындардың жалдау ақысының 75%-ы «Іскер Қала» іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттен төленуде.
Өндіріс ошақтарының жұмысын бақылаған кала әкімі импорт алмастыруда жобалардың тиімділігін атап өтті. Сондай-ақ жауаптыларға инфрақұрылым сапасын жақсартып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырды.
Айта кетейік, «Іскер қала» іс-шара жоспары аясында 2022 жылға «Даму» қорымен бірлесіп жалпы 944 млн. теңге бөлінген. Іс-шара аясында 890,4 млн. теңгеге 100 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде 92 жобаға 800 млн. теңге шағын несие берілді, 57 млн. теңгеге пайыздық сыйақы субсидияланды және 33,4 млн. теңгеге 8 жобаның өндірістік алаңының жалдау ақысы өтелген.