Үшінші мегаполистің ипподром алаңында бүгін Ұлттық ат спорты бәйгесінен ҚР чемпионатының аймақтық іріктеу турнирі болып өтті. Ат спорты біздің ұлттық генетикамыздың белгісі, өткен мен бүгіннің сабақтастығының көрінісі. Шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, жиналған жанкүйерлерді аламанның ашылуымен құттықтады.
Қаламызда ұлттық спорт түрлері бұқаралық сипат алған. Қазір 20 мыңнан аса спортшы ұлттық спорт түрімен шұғылданады.
— Біздің спортшылар өткен жылы Әлем, Азия және ел чемпионаттары мен кубоктарындағы медальдер саны бойынша республика бойынша көш бастады. Бүгінгі республикалық бәйге жарысы да мегаполисіміздің мерейін асырып, ұлттық спорттың өркендеуіне мол мүмкіндік береді деп сенемін, — деген Мұрат Дүйсенбекұлы дүбірлі додаға қатысушыларға жеңіс пен сәттілік тіледі.
Турнирде ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Т.Есентаев және республикалық «Бәйге» федерациясының президенті Қ. Көпбаев қонақ ретінде келді, сондай-ақ, бәйгеде 65 сәйгүлік пен шабондоз додаға түсті.
Аламан бәйгеде оза шауып, жиырма бір шақырымдық жолда желдей жүйріктік танытқан елордалық Бақыт Торғаев, Қыран есімді сәйгүлігімен бірінші орынды қанжығасына байлады.
Он төрт шақырымдық топ бәйгеден Ұлытау атты тұлпары бар Нұрдәулет Әкімжанов бірінші орынды иеленді. Сайыстың соңғы сатысы сегіз шақырымдық құнан бәйгеде шымкенттік Шағала атты жүйріктің иесі Бекжан Қоржынбаев бірінші орынға лайық деп табылды.
Шараны Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен «Бәйге» федерациясы республикалық қауымдастығы ұйымдастырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі