Ташкент — Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Аталған жол 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Ағымдағы жылы 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр.
Одан бөлек, 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.
Сонымен бірге, Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы қарқынды іске асырылуда. 15 мамыр күні халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Арғынбеков көшесі ашылды. Жолайрық құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру ағымдағы жылдың соңына жоспарланып отыр.
Келесі кезекте, Бәйдібек би – Арғынбеков көше қиылысының жолайрық құрылысының 2 кезегі іске асырылады.
Қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы 236,3 шақырымды құрайтын 297 көшеге жүргізу жоспарлануда. Оның 24 көшесі көлік ағыны жоғары әрі, қоғамдық көлік қатынайтын орталық магистрал көшелер.