Шымкенттің жалпыөңірлік ішкі өнімі 2020 жылы 2 триллион 432 миллиард теңге болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 3 триллионға жетті. Биыл 3,1 триллион теңгені құрайды деген болжам бар.
Бүгін Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
–Қала экономикасының өнеркәсіп, кәсіпкерлік, құрылыс, сауда, қызмет көрсету мен ауыл шаруашылығы секілді барлық негізгі секторларында тұрақты өсу динамикасы байқалды. Соның арқасында Шымкенттің жалпыөңірлік ішкі өнімі 2020 жылы 2 триллион 432 миллиард теңге болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 3 триллионға жетті. Биыл 3,1 триллион теңгені құрайды деген болжам бар, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шаһар басшысының айтуынша, жалпыөңірлік ішкі өнімнің өсуіне әсер ететін сектордың бірі – өнеркәсіп. Бүгінде Шымкент қаласының өнеркәсіп кәсіпорындары негізінен 5 өндірістік аймақта орналасқан. Бірақ, бұл аймақтардың 90 пайызы зауыт-фабрикаларға толып тұр.
–Бүгінде жаңадан 3 индустриалды аймақ ашып, 2 аймақты кеңейтуді көздеп отырмыз. Атап айтқанда, биыл «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриалды аймақтарының инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталады. «Жұлдыз» индустриалды аймағында 2026 жылға дейін машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы саласы бойынша жұмыс істейтін 42 кәсіпорын ашылады. Оған 147,2 миллиард теңгше инвестиция тартылмақ. Бұл кәсіпорындарда 4 мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазір 21 компания зауыт-фабрикалардың құрылысын бастап кетті. Биылғы жылдың соңына дейін аймаққа 7,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, 5 кәсіпорын ашылады және онда 400-ден астам жаңа жұмыс орындары пайда болады, – деді М.Әйтенов
Қала әкімінің халықпен кездесуінде білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікке қолдау көрсету және өзге де бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Кездесудің соңында Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындардың сауалдарына жан-жақты әрі толық жауап берді.
«Шымкент келбеті»