1992 жылы 4 маусым күні Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны алғаш рет бекітілді. Көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан Елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын жаңа тәуелсіз мемлекет бейнесін паш етті.Шымкентте Мемлекеттік Рәміздер мерекесі қарсаңында бірнеше іс-шаралар, концерттер өтіп жатыр. Солардың ішіндегі іс-шаралардың бірегейі 23 мың жанкүйердің Әнұранды бірге қосыла шырқағанымен ерекшеленсе, сол іс шараның жалғасы мемлекеттік тулармен автокөлік және велосипед шеруімен жалғасын тауып жатты.
Ал Тәуелсіздік саябағындағы Рәміздер алаңында мемлекеттік Әнұранымыз шырқалып, көк Туымызды әуелетіп, егемендігімізідің басты белгілеріне өте жоғары деңгейде құрмет көрсетілді. Іс-шараға әскерилер, күштік құрылым басшылықтары, депутаттар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жастар мен қала тұрғындары қатысқан болатын.
Меркелік іс-шарада патриоттық әндер орындалып, сонымен қатар әскери оркестрдің музыканттары өнер көрсеткен болатын. Әсіресе, ардагерлер бірге қосылып шырқаған патриоттық әндер көпшіліктің көңілінен шығып,қала халқын сүйсінтті. Мерекеге қатысқан әр шымкенттік тұрғынның қолындағы көк жалаулары рухты көтерді.
Патриоттық іс-шара аясында Ордабасы алаңынан Бәйдібек би ескерткішіне дейін жалғасын тапты,Мемлекеттік туымызды желбіреткен 50 автокөлік пен 80 велосипед көшелермен жүріп өткені қала тұрғындарына рух беріп, мерекелік күннің абыройын асқақтатты.