Шымкентте жақын арада көпқабатты 15 тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін болады деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Аталған жөндеу жұмыстары қаржылық- экономикалық негіздеменің қорытындысына сәйкес жергілікті бюджеттен қаржы қаралған соң басталады екен.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің толықтай шатыры ауыстырылып, жертөлесі, кіреберіс, кәріз құбырлары жаңартылады деп жоспарлануда. Жөндеуден өтетін көпқабатты тұрғын үйлер Әл-Фараби алаңында, Республика даңғылы, Асқаров, Дулати, Жангелдина, Ильяев көшелерінде және Отырар, Спорттық және Шығыс шағын аудандарында орналасқан.
Қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін жөндеу жұмыстары аталған тұрғын үйлердің тұрғындарының 70 пайызға жуық келісімінің негізінде жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар меншік иелері жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені өздері таңдау арқылы ұсынады. Жөндеу жұмыстарын қадағалауды «Тұрғын үй» Шымкент ЖШС-і жүзеге асырады.
Еске түсіре керек, бұдан бөлек, қазіргі таңда 10-нан аса тұрғын үйге техникалық зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған сәйкес тиісті мақұлдау шаралары қабылданған жағдайда, бірқатар көппәтерлі тұрғын үйлер жөндеуден өтуі мүмкін. 2022 жылы Шымкент қаласында 60 көпқабатты тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстар жүргізілген болатын.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі