Шымкент қаласында «Бизнеске жол» жобасы аясында атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз брифингі өтті.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев кәсіпкерлердің мәселелерін шешу бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижелерінен хабардар етті.
Қалада кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында агенттік тарапынан “Бизнеске жол”жобасы басталған еді. Бизнесті қорғау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өңірлік картасына енгізілген. Жыл басынан бері департамент тарапынан 700-ден астам бизнес субъектілерінің құқықтары қорғалған.
— Жобаның негізгі міндеті – бизнес ортадағы әкішілік кедергілерді жою, мемлекеттік органдарлың өзара іс-қимыл жасау арқылы кәсіпкерлерге көмек көрсету. Бизнесті қорғау бойынша жұмыс 3 бағытта жүргізілуде. Кәсіпкерлер көбіне жер қатынастары, салықтық және кәсіпкерлік бастамаларды мемлекеттік қолдау саласындағы кедергілерге шағымданады. Бизнесте кездесетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен әкімшілік кедергілерді жою бойынша жұмыс жалғасып жатыр, — деді Ж.Жұмабаев.
Жоба қалалық кәсіпкерлік палатасымен бірлесе жүзеге асырылуда. Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сәбира Адамбекова биыл жыл басынан бері тұрғындардан 150-ге жуық өтініш түскенін атап өтті. Олар — негізінен, мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша төленген борыштар сомалары, негізсіз әкімшілік айыппұлдар және тағы басқа шағымдар.
Өткен жылы қалалық кәсіпкерлер палатасының қарауына 200-ге жуық өтініштер түскен. Оның ішінде 63,8%-ы оң шешімін тауып, 85 127 633 теңге сомасында азаматтардың құқықтары қорғалды.
«Шымкент келбеті»