Шымкентте «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жұмыстары қарқынды жүруде. 132,9 гектарды алып жатқан индустриалды аймаққа қазір су, кәріз жүйелері кіргізіліп, электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.
Индустриалды аймақтың инфрақұрылымын, атап айтқанда, ауыз су және кәріз жүйесі бойынша құрылысты бас мердігер мекеме «Агидель — АС» ЖШС жауапкершілігіне алған. Құрылыс барысында ауыз су жұмыстары бойынша орындалған жұмыстар – 13,5 шақырым, яғни 85 пайызды құрайды. Электр және табиғи газ желісі бойынша құрылысты жүргізетін бас мердігер мекеме – «Электромонтаж» ЖШС-і. Жарық бойынша 8,8 шақырымға электр желісін тарту жоспарланған. Күні бүгінге дейін орындалғаны 6 шақырым, 68 пайызды құрайды. Ал табиғи газ құрылысы бойынша 10,9 шақырымқа құбыр тарту жоспарланған.
– Автомобиль жолдарын салу жұмыстары бас мердігер «Отау Строй» ЖШС-і мекемесіне тиесілі. Жеткізуші 2 шақырым жолдың қазіргі таңда 1 шақырымының жұмысы аяқталған. Ішкі орамда 7,9 шақырым салу жоспарланса, оның 3 шақырымының құрылысы бүгінгі таңда аяқталуға жақын. Ал кірме, қоршау, әкімшілік ғимараты бойынша жоба әзірленуде, – дейді Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы Шоқан Қыдырбекұлы.
Биыл іске қосылады деп жоспарланып отырған индустриалды аймақта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Мұнда 1 жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
«Шымкент келбеті»