Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов салықтық түсімдердің орындалуы, уәкілетті органдармен іс-қимыл негізінде бекітілген жол картасын жүзеге асыру, мемлекеттік қызметтер бойынша баспасөз брифингін өткізді.
Қалада биыл 5 айдың көлемінде бюджет қазынасына 212,4 млрд теңге түсім түсіп, жоспар 109 %-ға артығымен жүзеге асқан. Жергілікті бюджет 121 пайызға немесе 22,4 млрд теңге артығымен орындалған.
—Салық төлеушілердің бюджет алдындағы қордаланған қарыздары жыл басында 1,4 млрд теңге құраған. Бүгінгі таңда 490 млн теңге берешек сомалар өндірілді. Мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеттерінің бірі — халыққа сапалы әрі уақтылы мемлекеттік қызметтер көрсету. 43 бағыт бойынша мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілуде, — деді С.Ешанқұлов.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл ел аумағында жұмыс істейтін «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы іске қосылған еді. Бүгінгі таңда қала бойынша қосымшаны 32 мыңнан астам кәсіпкер пайдалануда. Қосымшаның негізгі мақсаты — жеке кәсіпкерлердің салық міндеттемелерін орындау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету. Сонымен қатар, жеке тұлғалар үшін «Е-Salyq Азамат» мобильді қосымшасы көмегімен бірқатар қызметтер алуға болады.
Сондай-ақ, шаһарда тұрғын үй нысандарын уәкілетті органда тіркету үшін 6785 үй салынған жер учаскесін түгендеу, өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру (жер, мүлік салығы) бойынша хабарлама жіберу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.
«Шымкент келбеті»