Шымкент қалалық Еңбекші ауданына қарасты №11 шағын ауданы аумағында абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жүріп жатқан көпқабатты үй аулаларын қала әкімі Мұрат Әйтенов мердігер мекеме өкілдері, сондай-ақ техникалық қадағалаушы мамандармен бірге аралады.
Мұрат Дүйсенбекұлы аталған аумақтағы құрылыс жұмыстарының үлгеру процесі мен сапасын бақылады. Биыл №11 шағын ауданында көп қабатты тұрғын үй аулаларына 4 балалар ойын алаңшасын орнату жоспарланған. Қазір 2 алаңша аяқталу сатысында. Жалпы 2023 жылы Еңбекші ауданы бойынша 29 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 7 кешенді балалар ойын және ашық спорт алаңшасы орнатылатын болады.
Еске сала кетейік, Шымкент қаласы Еңбекші ауданына қарасты №5 қалалық емхана ғимараты да күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 1984 жылы қолданысқа берілген емхананың алдағы уақытта инженерлік желілері түгел ауыстырылады. Сондай-ақ, сыртқы қасбеті жаңартылады.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов шілде айының 1-інен басталған емхана құрылысы жұмыстарының жай-күйімен бірнеше уақыт бұрын танысқан болатын. Төрт айға созылатын жөндеу жұмыстары бірінші кезекте сапа жағына мән берілу керек деп ескерткен болатын.
Сонымен қатар, Еңбекші ауданындағы Базарқақпа елдімекенінде бірқатар көше асфальттелуде. Ал Қараөткел көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Асфальтбетон жабындысы төселетін жолдың ұзындығы 0,9 шақырымды құрайды.
Заманауи құрылғылармен жабдықталған жылжымалы зертхана арқылы асфальт қабатының тығыздығы мен сапасы, қолданыстағы материалдардың талапқа сәйкестігі тексерілуде.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі