Өткен қыста Екібастұз бен Риддер қалаларында орын алған апатқа байланысты бүкіл елімізде жылу жүйелерін жаңартуға баса назар аударылып отыр.
Шымкент қаласы бойынша барлығы 824 шақырымға жуық жылу желілері құбыры бар. Оның 152 шақырым магистральдық жылу желісі болса, 672 шақырымға жуығы ішкі орам жылу желісі. Сонымен қатар, «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорынның жылу желілерінде 23 бірлік қазандық пен 17 бірлік сорғы станциясы орналасқан. Өткен 2022 жылы Шымкент қаласында жылу жүйелерінің 50 учаскісінде ішкі орамдық ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді Бұл жылу желісінің тозуын 38,2 пайыздан 37,3 пайызға дейін төмендетуге, сондай-ақ, тұтынушыларға берілетін жылу энергиясының сапасын арттыруға мүмкіндік берді, – деген болатын өткен жылы Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары А.Әбдіқалықов.
Қыста халықты үздіксіз, сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында қазір қала аумағындағы дербес қазандықтарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгін қала әкімі М.Әйтенов бірқатар нысанды аралап, жылу маусымына дайындық шараларын пысықтады. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен «Қуатжылуортталық-3» мекемесі арасындағы келісім шартқа сәйкес қаладағы 16 нысанда жалпы ұзындығы 8,76 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жылу жүйелері ауыстырылуда.
Гагарин көшесінде жалпы ұзындығы 1500 метр құбырлар жаңартылуда. Осыған дейін мұнда 340 метр желі ауыстырылған. Ал 18 шағынаудандағы Ерімбетов — Рысқұлов көшелерінің қиылысында жалпы ұзындығы 808 метр құбырды демонтаждау жұмыстары атқарылуда.
Аталған аумақтарда жылу жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары өндірістік кестеге сай атқарылуда. М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға жылу жүйелеріндегі барлық ақаулықты ретке келтіріп, жылу маусымына дайындық жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтауды тапсырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі