Жылдан жылға жергілікті халық саны артып келе жатқан Сауле шағынауданында саялы саябақ салынуда. Қала әкімі жауаптылармен бірге саябақтың құрылыс жұмыстарын қадағалап, жобаның жүзеге асырылуын пысықтады. Нысан құрылысын «ГрадСтройСервис» мердігер мекемесі жүргізуде. 2,5 гектарды алып жатқан заманауи демалыс аймағында жасанды газон, көгалдандыру алаңы қарастырылған. Жоба бойынша мұнда 900 шаршы метр асфальт және өрнектас жабындысы салынады деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға саябақтың құрылысын өндірістік кестеге сай жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ заманауи демалыс аймағын халыққа қолайлы етіп, озық үлгіде жасақтау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Әл-Фараби ауданында жалпы 400 аула бар. Оның ішінде 217 аула абаттандарылған. 2019 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 100 аула абаттандырылуда. Қалған 83 ауланың 49 ауласын 2020 жылы, 17 ауласын 2021 жылы, 17 ауласын 2022 жылы абаттандыру жоспарлануда. Аулаға балалар ойын элементтерін орнату үшін сметалық құжаттамалары әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылды.
Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 6 қыркүйектегі №55/459-6с шешімінің негізінде Әл-Фараби ауданы аумағындағы 100 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында абаттандырып, балалар ойын алаңшасын орнату үшін, 12 жобаға жалпы сомасы 2,3 млрд. теңге мөлшерінде мемлекеттік міндеттеме қабылданып, 2019 жылғы 16 қыркүйектегі №1/123/17-28 келісім-шарттар түзілген.
Екі жақты бекітілген өндірістік кестеге сәйкес 95 аулада демонтаж жұмыстары аяқталып, 40 аулада жұмыстар жүргізілген. Жалпы 22 аулаға 6312 м2 брусчатка төселіп, 8 аулаға резіңке қабаты жабылған.
Әлеуетті жеке серіктеспен жұмыстың барысы талқылау бойынша 5 рет кездесу өткізілген. Қазіргі таңда, 11 жұмысшы, 5 техникамен қамтылған. Абаттандыру және балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары 2020 жылдың І жарты жылдығында атқару жоспарлануда.
Аудан аумағында 33 спорт алаңшасы орнатылған. Оның ішінде, 18 спорт алаңшаларын жөндеу мақсатында, бюджеттен қаржы қарастырылды. Жөндеу жұмыстары 2020 жылы атқарылатын болады. 33 спорт алаңшасы аудан тұрғындары үшін жеткіліксіз. Сондықтан, спорт алаңшаларын орналастыруға мүмкіншілігі бар 15 жер телімі анықталып, оларға мемлекеттік актісін (сәйкестендіру құжатын) алу жұмыстары жүргізілуде.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі