Қазақстанға өзен суларының 50 пайыздайы сырттан келеді. Шаруалар үшін егінді суарудың маңызы бөлек. Шымкент егін шаруашылығын дамыту аймағына жатпағандықтан еліміздің ауыл шаруашылығы жерлерін суару бағытындағы негізгі стратегиялар Түркістан облысына қаратылған. Мұндай жағдайда шымкенттік шаруалар каналдағы бар суды бағалып, үнемдеп егінін жетілдіруі тиіс. Бұл жағдайда тамшылатып суарудың мәні зор. Шымкенттік шаруалар бас қосқан «Дала күні » атты семинарда тамшылатып суғару әдісінің тиімділігі туралы «Otan Agro» ЖШС-ның директоры Берік Орынтаев баяндады.
–Елімізде Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстары су тапшы өңірлерге жатады. Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес, су ресурстарын үнемдеу жобасы қолға алынған. Соның аясында заманауи технологияларды қолдана отырып, егіншілік суын 50 пайызға дейін үнемдеу қажет. Суды үнемдеудің ең тиімді жолы – тамшылатып суару. Оның да автоматтандырылған және механикалық секілді түрлі тәсілдері бар. Жуырда Қытайдың Сиань қаласына іс-сапарға барған кезде сол қаланың үлкен агро-инновациялық орталығында болдық. Ол жерде «AGRECOM» деген замануи кәсіпорынның технологиясымен танысып, жақын арада осы компанияның тамшылатып суаратын технологиясын Қазақстанға, оның ішінде Шымкентке әкелуді жоспарлап отырмыз. Су ресурстарын үнемдеу бойынша мемлекет тарапынан өте ауқымды іс-шаралар басталап жатыр. Соның ішінде суды жер серігі арқылы ғарыштан есептеу жұмысы қолға алынған. Нәтижесінде қолдағы бар суды есептеп, оның қажеттілік деңгейі анықталып, су тапшылығы тамшылатып суару арқылы жойылмақ, – деді Берік Сабитұлы.
Шаруаның мол өнімі суға байланған. Егінді өсіруде, суаруда да заман көшінен қалмай, жаңа әрі тың тәсілдерді игеріп отырса, базар мен дүкен сөресін Шымкентте өсірілген өніммен толтырары анық.