Шымкент қаласында биыл үш ауысымды мектеп қалмайды. Жаңа оқу жылында оқушылар тек екі ауысыммен білім алады. Жылдан-жылға халық саны өсіп отырған үшінші мегаполисте білім ұясының табалдырығын аттаған оқушыларды сапалы білім беруде мектеп құрылысы да қарқынды жүруде. Одан бөлек ғимараты тозған 9 білім мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылына дейін 4 мектеп пен 2 балабақша, 1 колледж бен 2 арнайы мектеп-интернатының ғимараты қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілмек.
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов күрделі жөндеуден өтіп жатқан №66, 78 мектеп пен есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатында болып, жұмыстың барысын бақылады. Осы мектептердің күрделі жөнделуі «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасына енгізілген. Партия өкілдері қала тұрғындарымен кездесіп, ұсынысын тыңдаған сәтте ата-аналар мектепке күрделі жөндеу қажет екенін жеткізген.
Қазығұрт шағынауданында орналасқан №66 жалпы білім беретін мектептің пайдалануға берілгеніне 30 жылдан асыпты. Мекемедегі күрделі жөндеу осы жылдың мамырында басталған. Мектептің қайта жаңғырту құрылысын өз мерзімінде аяқтау үшін 100-ге жуық құрылысшы жұмылдырылып, жұмысты 31 желтоқсанға дейін аяқтауға барын салып жатыр. Нысанды аралап көрген Б.Нарымбетов мектеп басшылығы мен білім басқармасына мердігердің жұмысын бақылауға алу қажеттігін айтты.