Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Шымкентте партияның жол картасы бойынша салынып жатқан бірнеше нысанды аралады.
Соның бірі — Ынтымақ-2 шағынауданында құрылысы жүріп жатқан жаңа емхана.
Заманауи талапқа сай бой көтерген емханада компьютерлік томография, цифрлы маммограф, УДЗ аппараты орнатылады. Онымен қоса жаңа емдеу орталығы ЛОР комбайн, электрокардиограф, электроэнцефалограф сияқты озық технологияларға негізделген қондырғылармен жабдықталады.
Сондай-ақ ,AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Б.Нарымбетов, Мәжіліс депутаты Д.Исабеков, мәслихат депутаты, қалалық фракция жетекшісі Қ.Имашев, мәслихат депутаттары Т.Балтабаев, А.Зейнетаев, қалалық партия Атқарушы хатшысының орынбасары Е.Айтбаев та құрылыс нысанында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
— Сайлауалды бағдарламада тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында жаңа нысандар салынып, халық игілігіне берілуі көзделген. Партия ең бірінші халықтың қажеттілін анықтап, соған сәйкес жүйелі жұмыс жүргізуде. Индикаторда белгіленген барлық тармақтың мерзімінде, сапалы орындалуын қадағалаймыз, — деді Е.Бейсенбаев.
Айта кетейік, Абай ауданына қарасты Ынтымақ-2 шағын ауданындағы 7000 шаршы метрді құрайтын ғимарат жеке инвестордың есебінен салынуда. Жоспарға сәйкес, құрылыс мерзімі ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталып, қолданысқа беріледі.