ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанхан Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеудің ерекшеліктері бойынша баспасөз брифингін өткізді.
Талаптарға сәйкес, кезекті іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі бар, бес жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В 1 деңгейінен төмен емес меңгерген ҚР азаматы қатыса алады.
–Биылғы іріктеуде мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігі ескеріліп отыр. Кезекті іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам салаларында үздіктер іріктеледі. Жастарды осындай маңызды іс-шараға белсенді қатысуға шақырамын, – деді Шәкір Асылханұлы.
Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтеді. Кандидаттардың құжаттарын қабылдау 2023 жылдың 1-30 қыркүйек аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады. Бұған дейін Шымкент қаласынан 10 адам іріктеуден өткен еді.
Сондай-ақ, баспасөз брифингінде ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Әділет Нысанбаев құжаттарды қабылдаудағы бірқатар ерекшеліктерді атап өтті.
«Шымкент келбеті»