Ел Президенті, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жастардың мәселесін тілге тиек еткен болатын.
Яғни, жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндеті деп атап өтті.
«Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осыған орай, Шымкент қаласында жастарға кәсіпкерлікті дамыту бойынша түрлі кеңестер беріліп, өолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, күні кеше ғана, Шымкент қаласының Азаматтық форумында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, жастар көрсеткішін негізге ала отырып, Шымкент қаласын “Жастар қаласы” — деп атады.
Сөзінің жаны бар. Өйткені, қаламызда жас кәсіпкерлер саны артып келеді. Мәселен, бизнесін дөңгелетіп отырған “Villaggio” мейрамханасының иегері — Әділет Сәрсенбекті атауға болады.
Ол өз кәсібін жыл басында бастаған болатын. Бүгінде 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.
— Кәсіп бастау кез-келген адамның қолынан келеді. Егер нақты бір мақсаты болса. Кәсіп бастаушы жастарға берер үш кеңесім бар, біріншісі — қызығушылық, екінші -ізденіс, соңғысы — қажырлы еңбек дейді Әділет.
Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығы қызметкерлері кәсіпкермен арнайы сұхбат құрып, тілдесіп қайтқан болатын.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте 14-35 жас аралығында 362 мыңнан астам жас бар. Бұл қала тұрғындарының 32%-ын құрайды.