Дегенмен, Мәжіліс депутаты Полиция департаменті Жедел басқару орталығының жұмысына біршама сын-пікірлер айтып, ол мәселелерді жүйелі шешу бойынша ұсыныстарын жолдады. Атап айтқанда, мопедтер мен электр скутерлерінің жол қозғалысына тигізіп жатқан зардаптарын алға тартып, ҚПД ЖБО тарапынан осы бағытта шараларды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, қаладағы коммуналдық мекеме жұмысшыларының жүк тасымалдайтын көліктермен қатынауына қатаң тиым салып, еңбек адамдарының қауіпсіздігін қадағалау керектігін айтты. Бөлініп жатқан қаржыны тиімді пайдаланып, жұмыс сапасын көтеруді міндеттеді.
– Жедел басқару орталығын қаланың көзі, құлағы десек те болады. Мен қаланың тұрғыны ретінде біршама кемшіліктерді алға тарттым. Қалада бейнебақылау камералары, дабыл бастырмасы жұмыс істейді. Алайда бұл мәселеде камералардың саны емес, сапасы мен төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге дайындығы маңызды және халықпен профилактикалық жұмыстардың жүйелі жасалынуында,– дейді Болатбек Нажметдинұлы.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Александр Попов айтылған сын-ескертпе бойынша шаралар жасалатынын, жұмыс тиімділігін арттыру үшін әлі де қызметкерлердің жетіспейтінін алға тартты.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 2023 жылы 1500 дана бейнекамера орнату көзделген. Орнатылатын бір жарым мың камераның 500-і жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар, 2024 жылға 2000 дана бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда.
«Шымкент келбеті»