Өңіріміздегі маңыздағы КХ-72 «Абай-Шардара» автомобиль жолының Шардара ауданы аумағындағы 68-88 шақырымына (20 км ) Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен 2018 жылы орта жөндеу жұмыстары басталып, 2019 жылға өтпелі болған.
Мемлекеттік сатып алу қорытындысымен «Еркін-Сенім» ЖШС-і жеңімпаз болып табылған. Жөндеуден өткен жол бөлігінің сапасын анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, 2019 жылдың маусым айының басында асфальт қиыршықтары әр жерден бөлшектеліп алынып, сараптамаға жолданған болатын. Алайда бір айдан астам уақыт бойы сараптамаға алынған жол қыртыстарына жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, тиісінше Шардара-Абай бағытында жүрген барлық автокөлік иелерінің наразылығын тудырған.
Аптаның аяғында аудан әкімі Қ.Жолдыбай аталған жол учаскесіне арнайы барып, жолдың жөндеу жұмыстарымен танысып, шұғыл түрде облыстық маңыздағы КХ-72 «Абай-Шардара» автомобиль жолының бөлшектеліп алынған асфальт қиыршықтарын қалыпқа келтіріп, келесі аптадан кешіктірмей «Еркін-Сенім» ЖШС-не аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар тиісті мамандарға және «Еркін-Сенім» ЖШС-іне жол жөндеу жұмыстары барысының сапасын қатаң бақылуда ұстау бойынша нақты тапсырмалар берілді.