Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты Әл-Фараби көшесі №21 үйдегі күрделі жөндеу жұмыстарының 70 пайызы аяқталып, мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын 10 күннің ішінде толық бітіруді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта шатыры толық ауыстырылып, қасбет жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы жөндеу жұмыстарына 12 адам жұмылдырылған. Тұрғындардың өтініші бойынша мердігер компания кіреберісті де реттеп бермек.
Үй комитетінің төрайымы Шарапат Жүсіпбекова зейнеткер 3 жылдан бері үй комиттетінің төрайымы қызметін атқарып жүр. Осы үйде 9 жылдан бері тұрады.
– «Күрделі жөндеу жүргізуге тұрғындармен бірлесе 2021 жылдан әрекет жасадық. Бұл үйдің жөндеу көрмегеніне 51 жыл болған екен. «Тұрғын Үй Шымкент» ЖШС-іне барып өтініш жаздық. Сонымен, биыл модернизацияға іліндік. Мердігер компания жұмысы тұрғындардың көңілінен шығып отыр. Біздің ұсыныстарымызды ескеріп, жұмысты сапалы атқаруда. Кіреберісімізді де ақысыз істеп бермек. Жалпы жергілікті бюджет бағдарламасы болғаннан кейін қайтарымды несие қаражатының пайызы жоқ. Осы жағы да бізге қолайлы болып отыр, – дейді 40 жыл ұстаз болған зейнеткер.
Көпқабатты тұрғын үйдің шатыры және артқы фасады ретке келтіріліп қойған. Енді он күннен кейін тұрғын үй жаңа кейіпке енбек. Шаһарда тозығы жеткен үйлерді жаңғырту жұмыстары осылайша кезең-кезеңімен атқарылуда.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі