Қала аумағында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде 3 378 жобаға қолдау көрсетілген. Мемлекеттік қолдаудың жалпы соммасы 11 миллиард 1,1 миллион теңгені құрап отыр.
Ұлттық жобада шағын кәсіпкерлер, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері алатын несиелердің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау көзделген.
Мұндай кәсіпкерлерге берілетін несиенің шекті соммасы 3 миллиард теңгеден, ал, несиелеу мерзімі 5 жылдан аспауы шарт. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі ҚР Ұлттық банкі белгілеген базалық ставкаға 5 пайыз қосқандағы көрсеткіштен аспауы тиіс. Оның 13,75 пайызын мемлекет субсидиялайды, ал айырмасын кәсіпкердің өзі төлейді. Оған қоса ұлттық жоба шеңберінде екінші деңгейлі банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіру тетігі де қарастырылған.
Банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлеменінің бір бөлігін субсидиялау бағыты бойынша 3 021 жобаға 10 миллиард 921,9 миллион теңге қолдау көрсетілген. Ал, банк несиелерін ішінара кепілдендіру бағыты бойынша 357 жобаға 939,2 млн. теңге қолдау көрсетілген.
Айта кетейік, ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік гранттар ұсынуды қазан айында өткізу жоспарлануда.
Президенттің әрбір Жолдауы-Отанымыздың жан-жақты дамуындағы жаңа қадам. Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі атап өткендей, өткен жолдаулардағы бастамалардың көпшілігі сәтті жүзеге асырылды. Осы елеулі өзгерістердің барлығын еліміздің, өңіріміздің әрбір азаматы өз бойында сезінді деп ойлаймын.
Алдыңғы Жолдаулардағыдай, Мемлекет басшысы кәсіпкерлік саланы дамытуға тоқталды, бұл жолы туризм саласын да атап өтті.
Мемлекет басшысы бизнесті жан-жақты қолдауды іске асыруды жалғастыруды, сондай-ақ әрбір жоба бойынша мүмкіндіктерді ұлғайтуға және өндірісті екі-үш есеге кеңейтуге бағытталған нақты жоспар құруды тапсырды. Бұдан басқа, «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» сияқты бағдарламалар шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасына біріктіріледі.
Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, соңғы жылдары қабылданған шаралар шағын және ірі бизнестің тұрақты өсуін қамтамасыз етті, бірақ орта кәсіпкерлік сегменті толық дамымаған күйінде қалып отыр.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі