Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – еліміздегі аса қастерлі, әрі ұлық мерекенің бірі. Себебі, Ата Заңымыз адамның құқықтары мен бостандықтарына, ар-ожданы мен абыройына қол сұғылмауына кепілдік беріп, кемсітудің кез келген түріне тыйым салады. Сол арқылы бұ құжат ел бірлігін нығайтып, ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға негіз болып отыр.
Расында, Қазақстанның бүгінгі жетістіктерінің барлығы –Конституцияда көрініс тапқан қағидаларды сақтау мен құндылықтарды қорғау бойынша жүргізілген ауқымды істің жемісі.
Ата Заң – ғасырлар даналығымен сабақтас, қазіргі заман ерекшелігіне сай жазылған, әрі адамзаттың ортақ құндылықтарын сақтаған еліміздің басты құжаты. Өткен жылы республикалық референдум арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені мәлім. Атап айтар болсақ, Қазақстан суперпрезиденттік басқарудан президенттік республикаға түбегейлі көшіп, Парламенттің рөлі мен ықпалы арта түсті. Мұның өзі халықтың ел басқару ісіне көбірек араласуына, ашықтық пен жариялылықты арттырып, қоғамды одан әрі демократияландыра түсуге мүмкіндік беретіні анық.
Оған қоса референдум арқылы енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Конституциядағы адам құқығын қорғаудың тетіктерін нығайта түсті. Атап айтқанда, Конституциялық Сот институты қалпына келтірілді және Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институтының өкілеттілігі мен рөлі айқындалды.
Жалпы, халқымыздың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген сөзі мәнін ешқашан жоймақ емес. Тағлымды тәрбие мен тәртіп бар жерде тиянақтылық, ережелерді ескеру сияқты адамға тән қасиеттер болады. Сол құнды қасиеттер қоғам дамуына, елдің өркендеуіне бастайды. Әр азаматтың өз Отанын танып, сүюі, оның заңдарына бағынуы, ережелерін ескеруі – оның азаматтық борышы. Олай болса, әрбіріміз Ата Заңымызды қадір тұтып, оны бұлжытпай орындауға ұмтылуымыз керек.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері
Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.