Былтыр 5-маусымда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Сол Жарлықта Мемлекет Басшысы мынадай өзекті мәселелерге арнайы тоқталды.
Конституциялық түзетулер жобасы бойынша азаматтардың жалпыға бірдей дауыс беруі біздің демократиялық қағидаттарға берік ұстанымымызды көрсетеді, — деді ол.
Алдағы референдум әрбір азаматтың Қазақстанның болашағын айқындайтын тарихи оқиғаға тікелей қатысуына мүмкіндік береді.
Конституциялық реформа бүкіл мемлекеттік модельді кешенді түрде трансформациялауға бағытталған.
Түзетулер “супер-президенттік” басқару формасынан ықпалды парламенті мен есеп беретін үкіметі бар президенттік республикаға түпкілікті көшуді бекітуге арналған.
Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын едәуір күшейтеді, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтады, мәслихаттардың субъективтілігін арттырады.
Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлық-тепе-тең моделін енгізу сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерінің барлық спектрін неғұрлым толық көлемде қамтуға мүмкіндік береді.
Аудандық және қалалық мәслихаттар депутаттарын сайлаудың толық мажоритарлық жүйесін енгізу азаматтар үшін өңірлердегі өмірге неғұрлым тиімді ықпал етуге мүмкіндік ашады.
Конституцияның жаңа редакциясында президенттің тең дәрежелі мәртебесін барлық саяси партиялар мен қозғалыстардан бекіту жоспарлануда.
Президенттің жақын туыстары үшін квазимемлекеттік секторда саяси лауазымдар мен басшылық лауазымдарды атқаруға тыйым салынады.
Түзетулердің маңызды блогы құқық қорғау саласына қатысты.
Конституциялық сот құру, адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту, өлім жазасына сөзсіз тыйым салу – осы қадамдардың барлығы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты сақтауға бағытталған.
Алдағы конституциялық реформа еліміздің дамуындағы жаңа кезеңді белгілейді.
Мемлекет Басшысы мемлекетімізде әрбір азаматтың құқығы қорғалатындығын айтып, халықтың қолдауымен жаңа Қазақстан, әділетті Қазақстан құрылатындығын мәлімдеді.
Қазіргі реформаның ерекшелігі — президент өкілеттігін күшейту емес, мемлекетті жетілдіру, жаңғырту және нығайту екендігін айтты.
Бүгінде — ел бірлігі, мемлекет тұтастығы, ұлттық мүдделерге негізделген Конституция күні, Ата Заңымыздың ұлық мерекесі. Елдің жарқын болашағы үшін елімізде жасалып жатқан бастамалар өміршең болып, барша қазақстандықтар үшін құтты болғай.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
Қазақстанның Құрметті судьясы