Ата Заңымыздың әрбір бабы ежелден еркіндікті аңсаған еліміз үшін аса құнды. 1995 жылғы 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдумда қабылданған бұл Конституция мемлекетімізді толағай жетістіктерге жеткізіп, дүниежүзілік қауымдастықтың белді мүшесіне айналдырды.
Түсінген жанға бұл күн – қазақстандықтар үшін тәуелсіздік тарихындағы жаңа дәуірдің басталғанын білдіретін мереке. Сол тарихи сәттен бастап біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құруға қадам бастық. Ел азаматтары жұдырықтай жұмылып, алдыңғы буынға талай ғасыр арман болған бейбіт заманды орнатып, қуатты мемлекеттің іргесін қалауға белсене кірісті.
Конституциямызда демократиялық өлшемдерге сай келетін билік тармақтары мен мемлекеттік институттар айқындалып, адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы деп атап көрсетілді.
Қазақстанның Ата Заңы – қаншама сындарлы сәттерден сүрінбей өткен мемлекетіміздің сенімді тірегі. Ол бүгінде халықтың ынтымағын бекемдеп, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған түбегейлі экономикалық және әлеуметтік реформалардың құқықтық негізін қамтамасыз етіп отырған басты құжатқа айналды. Сондықтан 30 тамыз – қазақстандықтар үшін айрықша маңызға ие мереке күні.
Ендеше, еркіндіктің бастауы болған Конституция күні мерекесі құтты болсын!
Латипша АСАНОВ,
Шымкент қалалық «Ахыска»
түрік этномәдени орталығы»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы