Қазақ халқының тарихындағы бастан өткерген барлық жауапкершілігі мен құқықтары, даулы мәселелердің шешімі көне низамдарда қатталған еді. Бертінге дейін сол тәртіптерге бағынған халқымыз тәуелсіздік алғаннан кейін, өз таңдауымен қабылдаған негізгі құқықтық құжаты – ҚР Конститутциясына биыл 28 жыл толды.
30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні. Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Ата заңның негізгі қызметі –адамның құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру әрі қорғау, сондай-ақ, заңның үстемдігі конституциялық қағидасын мүлтіксіз орындайтын демократиялық бағыттағы конституциялық институттарды құрып, нығайту. Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыру үшін 28 жыл ішінде біраз реформалар жүргізіліп, нақты қадамдар жасалды. Біздің Ата заңымыз алдыңғы қатарлы басқа елдердің негізгі заңдарынан кем емес.
Тәуелсіздік алғаннан бүгінге дейін Ата заңымызға 6 рет өзгеріс енгізіліп, оның ауқымдысы 2022 жылы жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды. Атап айтқанда, Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшысы лауазымдарын атқару құқығынан айырылды. Парламент депутаттарын сайлау жүйесі де өзгерді. Елімізде Конституциялық сот құрылды. Өлім жазасына тыйым салынды. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар енді халыққа тиесілі болды.
Бағымдап қарасақ, Ата Заңға енгізілген ең соңғы өзгерістер арқылы оған Әділетті Қазақстанды құруға негіз болатын, уақыттың талабына сай әрі халықтың игілігіне арналған нормалар мен қағидалар енгізілген. Қайткенде де еліміздің ең маңызды саяси-құқықтық құүжаты саналатын Конститутция — көк ту астына біріккен халықтың еркіндігі мен құқығы, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құжат ретінде қала бермек. Тәуелсіздігіміз мәңгі, жұртымыз тыныш болсын!
Жанысбек ӨТЕГЕН,
Қоғамдық кеңес мүшесі