Дария ҚОЖАМЖАРОВА, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы – ректоры
Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығы саласына жоғары технологияларды, инновациялық амал-тәселдерді енгізудің маңызыдылығын ерекше атап өтті. Президенттің агро ғылымды дамытуға қатысты тапсырмалары Оңтүстік өңірді ауыл шаруашылығына қажетті білікті кадрлармен қамтамасыз етіп отырған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті үшін бірқатар жаңа міндеттерді жүктейді.
Аграрлық факультет – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің негізгі факультеттерінің бірі. «Агрономия», «Топырақтану және агрохимия», «Ветеринария», «Су ресурстары және суды пайдалану», «Агротехника», «Жерге орналастыру», «Кадастр», «Мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің технологиясы» сияқты бірнеше білім беру бағдарламалары бойынша білікті мамандар дайындайды. Қазіргі уақытта факультетте 3 ғылым докторы, 2 профессор, 33 ғылым кандидаты және ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері табысты еңбек етіп жатыр. Біздің ғалымдар Ресей, Голландия, Германия, Өзбекстан, Моңғолия және басқа да елдердің ғылыми ұйымдарымен, мекемелерімен, агроөнеркәсіптік фирмаларымен және өндірістік кооперативтерімен тығыз ғылыми-өндірістік байланыста.
Голландиялық әріптестермен бірге аграрлық технопаркті ұйымдастыру, атап айтқанда фермерлерді жаңа технологияларға үйрету, жаңа мал азықтық дақылдарды енгізу, голландиялық, түрік әдістерін қолдана отырып жылыжайларды жетілдіру міндеті тұр. Израиль әдісі арқылы жаңа технологияларды пайдалана отырып жеміс жидек дақылдарының өнімділігін арттыру да – осы технопарктің міндеті.
«Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет, — деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Аграрлық факультеті қолданыстағы білім беру бағдараламаларын жаңартып, өндіріс сұранысына қажетті мамандарды даярлауды одан әрі қарай жалғастырады.
Әуезов университетінің ғалымдары дақылдардардың жаңа сұрыптарын шығарып, оны өсіру мәселесін шешу жолында, еліміздегі су тапшылығына қатысты ғылыми зерттеулерлерді жүргізуде өз үлесін қосады.