Дария ҚОЖАМЖАРОВА, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы – ректоры
Білім және ғылым елдің бәсекеге қабілеттілігінің болашағын және оның азаматтарының әл-ауқатын айқындайды. Сондықтан жасанды интеллект пен адам бәсекеге түскен бүгінгідей қарқынды дамыған заманда заманауи дағдылар мен біліктерді меңгеру, жаңаша білім алу – өте маңызды.
«Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», — деді ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Шын мәнінде, жасанды интеллектіні адамзат игіліне оңтайлы пайдалану, осы бағытта кадрларды даярлау шапшаңдықты қажет ететін мәселе. Әуезов университеті бүгінде блок чейн технологиясы бойынша оқытып, «смарт университет» жүйесін енгізді, студенттер «Coursera» сияқты халықаралық онлайн платформаларда қосымша білім алады. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта жасанды интеллектіге негізделген инновациялық білім бағдарламалары әзірлену қолға алынады.
Мемлекет басшысы қазіргі заманғы тәрбие Абайдың «толық адам» концепциясына негізделуі керек екендігі жиі айтады. Осы Жолдауда да тәрбие мәселесін тілге тиек етті. Әуезов университетіндегі тәрбие жұмысы толықтай парасатты студент, адал азамат, тұғырлы тұлға қалыптастыруға бағытталған. Студенттердің сапалы біліммен қатар саналы тәрбие алуына ерекше мән беріледі. Хакім Абай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», — дейді. Бұл өзінің мәнісін жоймайтын мәңгілік аксиома. Оқудың алғашқы күнінен бастап университет студенттерді білімге, ғылымға, академиялық адалдық саясатын берік ұстануға, ар тазалығын сақтауға баулиды.
Мемлекет басшысы атаған «Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құру» жолындағы ғылым және білім беру ұйымдарының рөлі өте маңызды. Осы маңызды миссияны жауапкершілікпен атқаруға әзірміз. Академиялық қоғам және жастар жолдауды толық қолдайды.