Елімізде соңғы жылдары газ баллон жабдықтарымен жұмыс істейтін автокөліктердің саны едәуір өсті. Осыған байланысты, адам өлімі мен материалдық залалға әкеп соқтыратын түрлі төтенше жағдайлардың туындау қаупі бірнеше есеге артты.
Сауда үй-жайларының паркингтерінде және жабық автотұрақтарда (тұрғын және қоғамдық ғимараттарға салынған және жапсарлас салынған) газ баллон жабдықтарымен жабдықталған автомобильдердің өртенуі аса қауіпті.
Бұл ретте, мұндай өрттердің негізгі себептері «қолөнер тәсілімен» газ баллонды жабдықты орнату, технологиялық процесті бұза отырып, біліктілігі жоқ мамандардың жұмыстарды жүргізуі, сондай-ақ тиісті қызмет көрсетудің болмауы болып табылады.
Сонымен қатар, өрт қауіпсіздік ережелеріне сәйкес өзге мақсаттағы кіріктірілген және оларға жапсарлас салынған ғимараттарда, сондай-ақ жер деңгейінен төмен орналасқан автотұрақтар мен жабық үлгідегі үй-жайлар мен паркингтерде газ баллонды жабдықпен жарақтандырылған автомобильдердің тұрағына жол берілмейді.
Осыған байланысты бақылауды қамтамасыз ету мақсатында бүгіннен бастап газ баллон жабдықтарымен жарақтандырылған көлік құралдарын пайдалану және тұрақ саласындағы заңнама нормаларының сақталуына 26 тамызға дейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп «ГАЗБАЛЛОН» профилактикалық іс-шарасын өткізеді.
Мүдделі мемлекеттік органдарды, ұйымдарды (жергілікті атқарушы органдарды, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палаталарын, еріктілерді) тарта отырып жұртшылық газ баллон жабдықтарымен жарақтандырылған көлік құралдарын пайдалану және тұрақ жөніндегі заңнама талаптарының сақталуын тексеретін болады.
Газ баллон жабдықтарымен жарақтандырылған көлік құралдарының тұрақтарын пайдалану саласында бұзушылықтардың анықталған барлық фактілері туралы «101»және «112» диспетчерлік қызметінің пультіне хабарлау қажет.